Accessibility links

Түрмелерде тұрақты діни уағыз жүргізілмек


Абақты. Ақтөбе, 11 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Абақты. Ақтөбе, 11 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

ҚАЖК өкілдері «Қазақстан түрмелерінде терроризм, экстремизм айыбымен сотталғандар ықпалы күшейіп бара жатқанын» айтады. Алайда жазасын өтеп шыққандар «түрмеде діни ахуал қалыпты» дейді.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2008 жылдан 2013 жылға дейін террористік қылмыстары үшін сотталған адам саны 27-ден 171-ге дейін, ал экстремистік қылмыс үшін сотталғандардың саны - 56-дан 168-ге дейін өскен. Ал дінтанушы Бейбіт Сапаралы қазіргі жағдайды «Түрмеде жазасын өтеушілердің 10-15 пайызы - экстремизм және терроризм баптарымен сотталғандар. Олардың түрме ішіндегі жүргізетін уағызы еркіндікте жүргендерінен де қауіпті» деп бағалайды.

НАМАЗҒА ТҮРМЕДЕ ЖЫҒЫЛҒАНДАР

Семей қаласындағы колониядан түсірілді деген видеодан скриншот. (Көрнекі сурет)
Семей қаласындағы колониядан түсірілді деген видеодан скриншот. (Көрнекі сурет)

Өзін «Жанат», деп таныстырған 30-дар шамасындағы жігіт осыдан үш жыл бұрын түрмеде отырған. Мал ұрлап, екі жылға сотталған ол жазасын Семейдің іргесіндегі УЛ-154/4 түзету мекемесінде өтеген.

- Түрмедегілердің басым бөлігі намазхан жігіттер болды. Намаз оқитын арнайы орын да болды. Түрмеге түскеннен бір жылдан соң намазға жығылдым. Бірақ түрмеде ешкімді дінге арнайы оқытпайды - дейді.

Жанат намаз бастағаннан жарты жылдан кейін жаза мерзімі бітіп, абақтыдан босатылған. Ол «түрмеден шыққаннан кейін еш жерге жұмысқа кіре алмадым. Қазір жалдамалы жұмысшымын. Намаз жайына қалды» дейді.

Жаза өтеп шыққанына екі жыл болған Жолдас (аты-жөнін толық жазбауды өтінді – ред.) Азаттық тілшісіне «Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеде сегіз жыл отырғанын» айтты.

– Жасым – 35-те. Кісі өлімі бойынша сотталдым. Өмірден түңілген кездерім де болды. Құдайдың мейірімі түскен шығар - исламға кір­дім. Қасымдағы жігіттердің діни сауаттары мықты болды, солардың арқасында діни білімімді жетіл­дірдім. Үш жылдай түрмедегі мешітте имам болдым, - дейді ол.

Азаттық тілшісінің «Түрмедегі экстремизм, терроризм бабы бойынша сотталғандардың ықпалы қаншалықты?» деген сауалына ол «Ондай жігіттер болды. Бірақ ықпалдары соншалық мықты деп айта алмаймын. Керісінше дәстүрлі дінге бет бұрғандары болды» деп жауап берді.

«ҚАЙ БАҒЫТ ЕКЕНІН АЖЫРАТА АЛМАЙМЫЗ»

«Түрмедегі дінге бет бұрғандардың көбейіп бара жатқанын», бұл жағдайға «экстремизм және терроризм баптары бойынша жазасын өтеп жатқандардың әсер етіп отырғанын» Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) департаменті бастығы орынбасары Нұрғожа Нығметжанов та растады. Ол бұл мәліметін Алматы облысы Заречный ауылындағы ЛА-155/8 түзеу мекемесінде өткен (17 наурыз) діни экстремизм жайындағы семинарда айтты. Оның сөзінше, «10-15 жыл бұрын жазасын өтеушілер арасында дінге бет бұрғандар болмаған, қазір олар көбейіп кеткен».

ЛА-155/8 түзеу мекемесінде "Дін және құқық" тақырыбында өткен семинар. Алматы облысы, Қапшағай қаласы, Заречный ауылы, 17 наурыз 2015 жыл.
ЛА-155/8 түзеу мекемесінде "Дін және құқық" тақырыбында өткен семинар. Алматы облысы, Қапшағай қаласы, Заречный ауылы, 17 наурыз 2015 жыл.

Бірақ Нығметжанов ҚАЖ қызметкерлерінің «дінге бет бұрғындардың қай бағытта екенін ажырата алмай қиналатынын» айтады. Тіпті ҚАЖК экстремизм және терроризм баптары бойынша жазасын өтеп жатқандардың түрмедегі ықпалын шектеу мақсатында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының (ҚМДБ) көмегіне жүгінген.

Мұны ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкіл имамы Әсет Аташов та растады. Оның айтуынша, «Жақында ҚМДБ мен Астанадағы ҚАЖК арасында келісім бекітілген». Ол бойынша, «Айына екі мәрте түзеу мекемесіне кіретін имамдардан басқа, аптасына төрт күн, дүйсенбіден бейсенбіге дейін түзеу мекемесіне кіретін арнайы адамдар бекітілген. Олар түзеу мекемелеріне, әсіресе экстремизм мен терроризм баптары бойынша сотталғандарға аптаның төрт күнінде келіп жүздесіп, жұмыстар жүргізеді».

ҚАЖ қызметкерлерінің имамдармен кездесуі:

Заречныйдағы ұсыныс
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

БАСТАМАҒА ҚАТЫСТЫ САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Саясаттанушы Нұрлан Сейдін түрмеде жазасын өтеушілерге діни уағыз жүргізуді қолдайтынын, бірақ бұл жұмыстың арнайы тексеруден өтіп, іске жүйелі түрде асырылуы керек екенін айтады.

- Жұмыс жүйелі түрде жүрсе, нәтиже береді. Бұған дейін түрмелерде дінді насихаттады. Бірақ [түрме қызметкерлері] нақты ненің насихатталып жатқанын білмеді, жаза өтеушілер басқа ағымға түсіп кеткен жағдайлар көп кездесті. Бұл жұмыс арнайы жүйемен, мамандар тексеруінен толық өткен түрде жүруі, ұлттық дәстүрге қайшы келмейтін болуы тиіс, - дейді саясаттанушы.

Дінтанушы Бейбіт Сапаралы. Алматы, 7 қараша 2010 жыл.
Дінтанушы Бейбіт Сапаралы. Алматы, 7 қараша 2010 жыл.

Ал дінтанушы Бейбіт Сапаралы «Ең бірінші түрмедегі уағыз жұмыстарын кім жүргізеді, қалай жүргізеді – бәрі соған байланысты» дейді. Ол түрмедегі экстремизм және терроризм баптарымен сотталғандарды «райынан қайтару, олармен тіл табысу қиын жұмыс екенін» айтты.

2011 жылдан бастап Қазақстан бұқаралық ақпараттарына мәлім болған, «терроризмге қатысы бар» деп аталған оқиғалар кезінде 80-ге жуық адам (оның 12-сі - полицейлер мен арнайы жасақ сарбаздары) қаза тапты. Ал 2013 жылдан бастап Сирияға аттанған қазақ «жиһадшылары» туралы видеолар дүркін-дүркін жарияланып келеді. Былтыр Қазақстан билігі Сирия мен Иракта соғысып жатқан «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы қатарында қазақстандық 300 азамат бар екенін, оның жартысы әйелдер екенін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG