Accessibility links

«Жиһадқа» кеткен балаларын іздеушілер көбейді


«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде Алмаз Майлышев деп жарияланған сурет.
«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде Алмаз Майлышев деп жарияланған сурет.

«Сирияға жиһадқа аттанған» кеңгірлік үш жігіттің ата-аналарының бірі баласын көре алмай қайтқан, бірі көріп келген, үшіншісі сол жақта қалған. Ол үшеудің бірінің қайынатасы қызын жібермейтінін айтады.

Қарағанды облысы Жезқазған қаласының тұрғыны Әділ Бейсенбиев (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) Кеңгір ауылынан «Сирияға «жиһадқа» кеткен жігіттердің тағы үшеуінің соңдарынан ата-аналары іздеп шыққанын» Азаттыққа хабарлады.

– Сирияда жүрген Кеңгір ауылының жігіттері Әлжан Төлеген, Жанат Сақтағанов, Алмаз Майлышевты жақындары арттарынан іздеп барды, – дейді Әділ Бейсенбаев.

Оның айтуынша, Әлжан Төлегеннің әкесі Сирияға өте алмай Стамбулдан оралған, Жанат Сақтағановтың анасы ұлын көріп қайтқан, Алмаз Майлышевтің анасы Сириядағы баласының қасында қалған.

«ҚЫЗЫМА СИРИЯҒА КЕТПЕЙСІҢ ДЕДІМ»

«Ислам мемлекеті» ультра-радикал діни ұйымы қатарында соғысып жүрген баласы Әлжан Төлегенді іздеп Сирияға бармақ болғанын оның әкесі де (атын айтпауды талап етті – ред.) растады. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Кеңгір тұрғыны Стамбулдан кері қайтқанын, баласы жайлы ақпарат құралдарына айтуды қаламайтынын мәлімдеді.

«ВКонтакте» әлеуметтік желісіне Жанат Сақтағанов деп жарияланған сурет.
«ВКонтакте» әлеуметтік желісіне Жанат Сақтағанов деп жарияланған сурет.

«Жиһадқа» кетті делінген кеңгірлік азаматтардың екіншісі Жанат Сақтағановтың анасы Сәттігүлмен сөйлесудің сәті түспеді. Азаттық тілшісі Жанат Сақтағановтың қайынатасы, Кеңгір ауылының тұрғыны Игенбай Ермағанбетовпен тілдесіп, «Жанаттың анасы Сәттігүлдің ұлының артынан барып қайтқаны рас» деген хабар алды.

– Жанат өзімен-өзі жүретін момын жігіт еді. Биыл тамыз айының соңына қарай ешкімге айтпай кетіп қалды. Тұрмыстары жаман емес болатын. Қызым қазір Жанаттың үйінде бір жастан енді асқан сәбиін бағып отыр. Күйеуімен интернет арқылы сөйлесіп тұрады. Қызыма «Жанаттың артынан кетпейсің» дедім, – дейді Игенбай Ермағамбетов.

«Сирияда соғысып жүрген үшінші жігіттің бірінің анасы сол жақта қалғанын естідім» деген Игенбай Ермағамбетов ол әйелдің елге оралар-оралмасын білмейді.

«ВКонтакте» әлеуметтік желісіне Ержан Дәніханов деп жарияланған сурет.
«ВКонтакте» әлеуметтік желісіне Ержан Дәніханов деп жарияланған сурет.

– Кеңгірден кеткен жігіттер – төртеу. Соның бірі – Мұхамедқали Дәніхановтың баласы Ержан Дәніханов осыдан бірер жыл бұрын әйелі мен балаларын алып кеткен. Басқаларының отбасылары осында қалды, – дейді Кеңгір тұрғыны.

Алмаз Майлышевтің Кеңгірде қалған туыстарының ешбірімен тілдесу мүмкін болмады.

«ОЛАРДЫ ШАҚЫРЫП ЖАТҚАНЫН 4-5 АЙ БҰРЫН ЕСТІГЕНМІН»

Кеңгір ауылының имамы Медеттің сөзінше, 1988 жылы туған Жанат Сақтағанов пен сол қатарлас Әлжан Төлеген Сирияға биыл тамыз айында, ал Алмаз Майлышев ол екеуінен бұрынырақ кеткен.

– Олар мешітке келіп, уағыз тыңдап жүретін. Бірақ біздің жанымызда бір сағат отырса, әлеуметтік желілер арқылы шетелдегі «жиһадшылармен» таң атқанша сөйлесетін көрінеді, – дейді ол.

Имам «жиһадқа» кеткен жастар Қазақстанда қалған таныстарымен де әлеуметтік желі арқылы байланысатынын» айтады.

Әлеуметтік желіде жарияланған «Сириядағы жиһадшы қазақ балалар» видеосынан скриншот. (Көрнекі сурет)
Әлеуметтік желіде жарияланған «Сириядағы жиһадшы қазақ балалар» видеосынан скриншот. (Көрнекі сурет)

– Олардың төрт-бес ай бұрын «Ирак пен Шамда «ислам халифатын» құрдық, Әбу Бәкір әл-Бағдади деген халифымыз, өзіміздің заңымыз, әскеріміз, 2 миллиард доллар бюджетіміз бар» деп үгіт-насихат жасап, жастарды шақырып жатқандары туралы естігенмін, – дейді Кеңгір ауылының имамы Медет.

Азаттық тілшісі бірнеше тұрғыны «жиһадқа» кетіп қалған Кеңгір ауылы әкімдігінің ішкі саясат және дін істері бойынша жауапты қызметкеріне хабарласқан еді. Арнайы хатпен сұрау салынса ғана жауап беретінін айтқан ол қызметкер Кеңгір ауылынан Сирия мен Иракқа кеткендердің санын айтудан бас тартты.

Өткен аптада Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) экстремистік «Ислам мемлекеті» ұйымы қатарына қосылған қазақстандықтар саны 300-ден асқанын хабарлаған.

Біздің жанымызда бір сағат отырса, әлеуметтік желілер арқылы шетелдегі «жиһадшылармен» таң атқанша сөйлесетін көрінеді.

Қазақстандықтардың Сирия мен Ирактағы радикал исламшыл қарулы топтардың сапында ұрысқа қатысып жатқанын баяндайтын видео интернетте ең әуелі 2013 жылдың күзінде жарияланған. Азаттық ол видеодағы бірнеше ер адам мен жас балалардың қазақстандықтар екенін анықтаған. Сол видео жарыққа шыққан соң Қарағанды облысының Жезқазған және Сәтбаев қалалары мен Кеңгір ауылынан балаларын іздеп Сирияға барушылар көбейген.

«Сириядағы «жиһадшы» қазақ балалары» туралы тағы бір видео қарашаның 22-сі күні тарады. Ұлыбританияның Daily Mail басылымы «Ислам мемлекеті» ультра-радикал діни ұйымы әлеуметтік желілерде таратты» деп сипаттаған ол видеода қазақша сөйлейтін, мылтық құрастырып жатқан жас балалардың бірі Қазақстаннан барғанын, «муджаһид болғысы келетінін» мәлімдеген. Азаттық тілшісімен сөйлескен Кеңгір ауылы тұрғындарының ешбірі ол видеоны әлі көре қоймағандарын айтты.

XS
SM
MD
LG