Accessibility links

Пәкістанда «үшінші жыныс» өкілдері жәбір көріп келеді


Әтектер мен трансгендерлер шеруі. Пәкістан, Пешавар, 2011 жыл.
Әтектер мен трансгендерлер шеруі. Пәкістан, Пешавар, 2011 жыл.

Соңғы жылдары азаматтар құқықтарын қорғау жолында жеткен жетістіктеріне қарамастан, Пәкістанда транссексуалдар әлі күнге дейін зорлық-зомбылық көріп келеді.

Заң бойынша «үшінші жыныс» ретінде бекітілген транссексуалдар енді жағдайымыз жақсарады деп үміттенген еді. Бірақ трансвестит, транссексуал, әтектер, гермафродиттерден құралған топқа шабуылдап, күш көрсетіп, олардың құқықтарын таптайтындар жетерлік.

Сәуірдің 6-сы күні Пәкістанның солтүстік-батысында «үшінші жыныстың» екі өкілін қарулы адамдар атып өлтіріп, біреуін ұрлап әкетіп, топ болып зорлаған. Бұл оқиға Хайбер-Пухтунхва провинциясының Сваби ауданында болды. Транссексуалдар үйлену тойында өнер көрсетіп, таңға жуық қайтып келе жатқан.

Сваби аймақтық полиция қызметінің басшысы Сажжад Ханның айтуынша, қарулы адамдар оларды егістік алқабында күтіп алған да, күшпен бәрін белгісіз жаққа алып кетуге тырысқан. Бірақ оған шамалары келмей, оқ атқан. Сол жерде жыныстық азшылықтың екі өкілі мерт болып, біреуі жараланады. Полиция басшысының сөзінше, қарулы топ олардың біреуін ұрлап әкетіп, төрт адам жабылып зорлап, бір сағаттан соң босатқан.

«ЖАҒДАЙЫМЫЗ ЖАҚСАРМАДЫ»

Свабидегі полиция қызметкері Фазаль Малик Азаттықтың осы елдегі жергілікті қызметіне полицияның тексеріс жүргізіп, алты күдіктіні ұстағанын айтты. Олардың бәрі үйлену тойына қатысқан. Малик оларға «адам өлтірген және топпен адам зорлаған» деген айып тағылғанын айтты.

Трансгендерлер шеру кезінде билеп жүр. Пәкістан, Карачи, 7 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Трансгендерлер шеру кезінде билеп жүр. Пәкістан, Карачи, 7 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Хайбер-Пухтунхва провинциясының трансгендер бірлестігінің бас хатшысы Зеба «Пешаварда мұндай жағдай бірнеше мәрте болды, үкімет оған көңіл аудармайды» дейді. Ол Азаттық тілшісіне тек есімін ғана айтты.

«Үкімет бізді қорғау үшін еш шара қабылдамаса, біз мұндай әрекеттерді қалай тоқтатамыз? Телеарналардан айттық, газеттерге жариялап, наразылық шеруін де өткіздік, бірақ біздің сөзімізді ешкім тыңдамайды» дейді Зеба.

Этникалық, діни және жыныстық азшылық күн сайын зорлық-зомбылыққа ұшырап, қудалау көріп жататын консервативтік Пәкістандағы транссекуалдардың өз құқықтарын ресми түрде мойындатуы үлкен жаңалық болған еді. Бірақ содан бері «үшінші жыныстың» өмірі жеңілдеген жоқ.

Олардың көбі өздерін «үйлену тойының кәсіби бишілері» деп сипаттайды, бірақ жақтастары олардың «негізінен қайыр сұраумен немесе жезөкшелікпен айналысып күн көретіндерін» айтады. Осы аймақтағы әйелдердің дәстүрлі киімі – ашық түсті сари киіп, бет-әлпетін әлем-жәлем бояған азшылық көшеде жүріп қайыр сұрайды, солайша көбіне қылмыстық топтардың қолына түсіп, қорлық көреді.

Жыныстық азшылық шеруіне келген транссексуал. Пәкістан, Пешавар, 3 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Жыныстық азшылық шеруіне келген транссексуал. Пәкістан, Пешавар, 3 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

2011 жылы елдің Жоғарғы соты оларды «үшінші жыныс» ретінде ресми мойындаған соң, бірлестік өкілдері сайлау кезінде дауыс беріп, тіпті мемлекеттік қызметке сайлануға құқылы болды. Шамамен елде 500 мыңға жуық осындай адам бар.

Хайбер-Пухтунхва трансгендерлер бірлестігінің мүшесі Назия «саяси құқықтары бар болса да, жағдайлары жақсармағанын» айтады. Бірақ олар әлі де күресе бермек. Ол «Біз де адамбыз ғой» дейді.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG