Accessibility links

"Жарыс тақағанда тыпырлаймыз". Париж олимпиадасы алдында үміттен гөрі күдік басым


Қазақстан спортшылары Токио олимпиадасының ашылу салтанатында. 23 шілде, 2021 жыл.
Қазақстан спортшылары Токио олимпиадасының ашылу салтанатында. 23 шілде, 2021 жыл.

Қазақстанда биыл шілдеде Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына әзірге 30 жолдама ғана бар. Спорт министрлігі олимпиадаға 80 жолдама алуды көздеп отыр, бірақ ведомство алтын медаль мен жүлде саны бойынша болжам жасаудан тартынады. Сарапшылар Токио-2020 ойындарындағы сәтсіздіктен соң жанкүйерлер құрама алтын жүлде алады деп үміттенетінін, алайда қазір елде "олимпиада алтынын алады-ау" дейтін фавориттер жоғын айтады.

"МАҚСАТ – 80 ЖОЛДАМА"

Қазақстан Токио-2020 олимпиадасында алтын жүлдесіз қалып, одан кейін Азия ойындары-2022 додасында үздік ондыққа ене алмаған соң Париж олимпиадасы ел спортшылары үшін үлкен сынақ болмақ. 2023 жылы спортқа бюджеттен 330 млрд теңге бөлген Қазақстан қыруар қаржының нәтижесін олимпиада алтынымен көрсетуге талпынады.

Бірақ қазір Қазақстанға олимпиада жолдамасын алудың өзі қиынға соғып тұр. Кейінгі ақпарат бойынша, тек 30 қазақстандық спортшы олимпиада лицензиясын иеленген. Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев телеграм каналында "мақсат – 20-25 спорттан 80 жолдама алу" деп жазды.

Жанкүйерлер арасында "Парижде алтын бола ма?" деген сауал жиілесе де, спорт министрлігі әлдебір болжам жасауға асығар емес. Спорт және туризм министрлігі Азаттықтың ресми сауалындағы "Париж олимпиадасындағы алтын, күміс, қола медаль бойынша жоспары қандай? Нақты қай спортшыларға үміт артып отырсыздар?" деген сұраққа жауап бермеді. Тек спорт министрлігі "Парижге жолдама алады" деген спортшылар тізімін жасап, оған 52 спортшыны енгізгенін хабарлаған.

"Аталған спортшылар толық медициналық сүйемелдеумен, дәрі-дәрмектермен және спорттық тамақпен қамтамасыз етілген" дейді спорт және туризм министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Азаттыққа берген жауабында.

"БОКСШЫЛАРҒА ДА КҮМӘН БАР"

Ал спорт сарапшысы Ақырыс Сейітқазы "Токио олимпиадасындағы сәтсіздіктен соң халықтың Парижде алтын бола ма деп алаңдауы орынды" деп санайды.

– Қазір Қазақстанға лицензиялық турнирлердің өзі қиынға соғып жатыр. Біз Токио мен Париж олимпиадасының аралығындағы уақытты бос өткізіп алдық. Негізі біз Парижде медаль алатын спортшыларды 2016 жылы Рио олимпиадасынан кейін дайындай бастауымыз керек еді. Ал біз болсақ олимпиада жақындап қалған кезде жоспар жасаймыз, белгілі бір спортшыға үміт артамыз. Резерв спортшылар жоқ. Ірі жарыстар тақап қалғанда тыпырлаймыз. Бұл дұрыс емес. Олимпиадаға дайындық төрт жылдық цикл бойынша жүргізіліп, резерв дайындалуы керек, – дейді Ақырыс Сейітқазы.

1996-2016 жылғы олимпиада ойындарында Қазақстанда ашық айтылмаса да, жанкүйерлер нақты бір спортшыларға алтын алады деп үміт артатын. Ондай үміттің көбі ақталып жатты да. Мәселен, Лондон-2012 олимпиадасына Серік Сәпиев (бокс), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика); Рио-2016 олимпиадасына Данияр Елеусінов (бокс) фаворит ретінде аттанған. Спорт журналисі, BEK sport телеграм-каналының авторы Бек Төлеу қазір Қазақстанда олимпиадаға фаворит болып баратын спортшы болмай тұрғанын айтады.

– Халық 2012 жылы боксшы Серік Сәпиевтің, 2016 жылы боксшы Елеусіновтің алтын алатынына қатты сенді және сенім ақталды. Токио-2020 олимпиадасында боксшы Василий Левитке алтын алады деген үміт артылғанымен, ол жүлдесіз қалды. Кейінгі сәтсіздіктерден кейін қазір жанкүйерлердің жүрегі шайлығып қалған. Боксшыларға үміт артамыз деп айтсақ та, олар Қытайдағы Азия ойындарынан да алтын медальсыз қалды. Осыдан соң боксшыларға да күмән бар. Жалпы спорттағы шенеуніктер теннисші Елена Рыбакинаға үміт артып отырғандай, – дейді ол.

Теннисші Елена Рыбакина.
Теннисші Елена Рыбакина.

Ал бірнеше ірі халықаралық теннис турнирінен ақпарат таратқан спорт шолушысы Ерік Ілиясов теннистен олимпиададағы нәтиже теннисшінің мотивациясы мен физикалық дайындығына байланысты болатынын айтады.

– Олимпиадада теннисшілерге рейтингтік ұпай мен ақшалай сыйақы берілмейді. Сондықтан көп теннисші үшін олимпиада маңызды жарыстар қатарына кірмейді. Одан кейін теннисшілер әр апта сайын турнирлерге барады, сондықтан олимпиадаға кім шаршамай бабында келсе, сол топ жарып жатады. Париж олимпиадасы Grand Slam жарысы қатарына енетін Англиядағы Wimbledon мен АҚШ-тағы US Open турнирлерінің ортасында өтеді. Теннисшілер осы екі турнирді де назарда ұстап, күшін тең бөлу керек. Кейінгі кезде олимпиадада фавориттер емес, ортаңқол теннисшілер чемпион болып жүр. Рио олимпиадасында фаворит саналмаған пуэрто-риколық Моника Пуиг, Токиода швейцариялық Белинда Бенчич алтын алып кетті. Сол себепті олимпиадада теннистен ешкім күтпеген бір теннисші топ жарып жататынын ескеру керек, – дейді теннис сарапшысы.

"КҮТПЕГЕН АЛТЫНДЫ КҮТУ СПОРТҚА ТЕРІС ӘСЕР ЕТЕДІ"

Бұған қоса, бірнеше олимпиадада Қазақстаннан ешкім күтпеген спортшылар чемпион атанды. Мысалы, 2012 жылы Александр Винокуров (велоспорт), 2016 жылы Дмитрий Баландин (жүзу) құрамаға тосыннан алтын медаль әперген еді.

Спорт журналисі Иван Резванцевтің "Дядя Ваня" телеграм-каналына Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің бұрынғы вице-президенті Павел Новиков "Қазақстанды Париж олимпиадасында тосын алтын [медаль] ғана құтқаруы мүмкін" деген. Спорт журналисі Бек Төлеу де Қазақстанды жұрт күтпеген бір алтын жүлде құтқаруы мүмкін дейді. Ал Ақырыс Сейітқазы "тосын алтын болып қалады деп күту – ел спорты үшін теріс әсер ететін фактор" деп есептейді.

– Әрине, күтпеген жерден бір спортшы алтын алып қалса қуанамыз. Бірақ спорттан биік жетістікке жеткісі келетін ел ондай тосын алтын медальға үміт артпауы керек. Күтпеген алтын ел спортының дамуын көрсетпейді. Ал өз басым, қазір нақты мына спортшы Парижде алтынға үміткер болады деп айту қиын дер едім. Себебі қазір бізде нақты сенімді спортшы жоқ, – дейді спорт журналисі Азаттыққа.

Қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин Рио олимпиадасында жүзуден алтын медаль алған сәт. 10 тамыз, 2016 жыл.
Қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин Рио олимпиадасында жүзуден алтын медаль алған сәт. 10 тамыз, 2016 жыл.

Сарапшылар олимпиадаға болжам жасау қиын іс болса да, бюджеттен спортқа қыруар қаржы бөлінетін елде халық алтын медаль болады деп күтуге хақылы деп те есептейді. Қазақстан Париж олимпиадасына дайындыққа және қатысуға 8 млрд теңгеден артық ақша жұмсауды жоспарлап отыр.

Спорт және туризм министрлігінің Азаттыққа берген ақпаратына сүйенсек, ұлттық құраманы Париж олимпиадасына дайындау үшін бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінген. Ал спортшылар мен делегацияның Париж олимпиадасына баруына 896 млн 687 мың теңге жұмсалмақ. Спортшылардың олимпиададағы киіміне 130 млн 125 мың теңге, полиграфия өнімдеріне 893 мың теңге бөлінбек.

Әр олимпиада алдында оған қатысатын елдер неше медаль алуы мүмкін деген болжам жасайтын америкалық Gracenote талдау компаниясы "Парижде Қазақстан екі алтын алуы мүмкін" деп топшылайды. Gracenote қазақстандық боксшылар Асылан Шымбергенов пен Нұрбек Оралбайды чемпион болудан үміткер деп атаған.

Қазақстандық Асланбек Шымбергенов (сол жақта) Париж олимпиадасына жолдама алған боксшылардың бірі. Сурет авторы - Аян Төлеген.
Қазақстандық Асланбек Шымбергенов (сол жақта) Париж олимпиадасына жолдама алған боксшылардың бірі. Сурет авторы - Аян Төлеген.

Осыған дейін өзін Азия құрлығында және әлемде спорты мықты ел ретінде санап келген Қазақстан үшін Париж олимпиадасы сын сағаты болмақ. Ал спорт министрі Ермек Маржықпаев телеграм-каналында "Уақыт аз қалды, біз Париж төрінде абыроймен өнер көрсетуіміз керек" деп жазды.

Спорт шолушысы Бек Төлеу Парижде Қазақстанда "күміс пен қола медаль болар, бірақ қазір қазақ спортына олимпиада алтыны керек болып тұр" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG